Ескелді ауданында цифрлық дағдылар мен жасанды интеллектке арналған көшпелі білім беру интенсиві өтті. Бұл — бүгінде болашақты қалыптастырып жатқан маңызды құралдарды меңгеруге бағытталған іс-шара.
Интенсивке заманауи талаптарға сай болуға ұмтылған, сұранысқа ие дағдыларды игергісі келетін жастар қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар нейрожелілерді оқу мен мансапта тиімді қолданудан бастап, кәсіпкерлік ойлауды дамыту және 2026 жылы қажет болатын цифрлық дағдыларды қалыптастыру бағыттарын қамтыды.
Әсіресе, AI-дың күнделікті өмірдегі қолданылуына ерекше назар аударылды — қатысушылар жасанды интеллектіні пайдаланудың нақты кейстерін талдап, оқу тиімділігін арттыру мен кәсіби дамуға арналған заманауи құралдарды қолдануды үйренді. Startup Thinking блогы аясында жастар өз идеяларын толыққанды бизнес-жобаға айналдыру әдістемесімен танысты, сондай-ақ жеке бастамаларды іске қосу және дамыту жолдарын меңгерді. Ал Digital Skills бағыты базалық және кеңейтілген цифрлық құзыреттерді жүйелеуге мүмкіндік берді.
«Біздің мақсатымыз — технологияларға қолжетімділік мәселесінде қала мен ауыл арасындағы шекараны жою. Digital Keruen Қарабұлақ жастарына жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болуға қажетті құралдарды ұсынады», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Интенсив спикерлері ретінде Талдықорған қаласы бойынша «Астана Хаб» КҚ аймақтық менеджері Шаймерденова Айгерим және менеджер Мулкибаева Маржан сөз сөйледі. Олардың тәжірибесі мен белсенділігі оқытуды мазмұнды әрі шабыттандырарлық етті.
Аталған интенсив өңірдегі цифрлық сауаттылықты арттыру жолындағы маңызды қадам болып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.