І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Зорлық-зомбылық пен қудалауға нөлдік төзімділік» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараны Талдықорған қаласының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ұйымдастырған.

Шара мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қудалау (сталкинг) мәселесіне қоғам назарын аудару.

Шара барысында спикерлер зорлық-зомбылықтың түрлері, жеке шекара ұғымы, әлеуметтік желідегі қудалау және құқықтық жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді.

Талдықорған ҚПБ ҚҚБ Отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға-инспекторы, полиция майоры Айнұр Қағазбекова зорлық-зомбылық пен қудалау әрекеттері заңмен жазаланатынын атап өтті.

«Кейбір жастар қудалауды махаббат немесе қызғаныштың көрінісі деп қабылдайды. Алайда адамның еркінен тыс бақылау, мазалау, қорқыту, қайта-қайта хабарласу – бұл құқық бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қорғау нұсқамасын бұзған тұлғалар да заң алдында жауап береді», – деді спикер.

Сондай-ақ ол қыз алып қашу әрекетіне де тоқталып, бұл дәстүр емес, қылмыс екенін нақтылады. Мұндай жағдайларда кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

«Жанұя» орталығының психологы Индира Ибраимова сталкингтің психологиялық себептерін түсіндірді.

Маманның айтуынша, қудалауға көбіне жеке шекараны құрметтей алмайтын, қызғаныш сезімі басым, эмоционалдық тәуелділікке түскен немесе бас тартуды қабылдай алмайтын адамдар барады.

«Сталкинг – махаббат емес. Бұл – психологиялық қысым. Егер адам “жоқ” десе, бұл шешімді құрметтеу керек. Қудалау уақыт өте келе агрессияға ұласуы мүмкін», – деді психолог.

Кездесу соңында студенттер «Жеке шекара қабырғасына» өз алақандарын қалдырып, зорлық-зомбылыққа қарсы ұстанымдарын жазды. «Жоқ деген сөз – жоқ», «Қудалау – махаббат емес», «Зорлық-зомбылыққа қарсымыз» секілді жазбалар жастардың бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті.

Ұйымдастырушылар зорлық-зомбылықтың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. «Жанұя» отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырмақ.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *