Бикен Римова атындағы академиялық драма театры кезекті гастрольдік сапарын айрықша датаға арнады. Өнер ұжымы Социалистік Еңбек Ері, даланың дара қызы Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында аңыз анамыздың есімін иеленген ауылда болып, жұртшылыққа рухани азық сыйлады.

Мерекелік шараның шымылдығын Қ. Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай!» музыкалық комедиясы ашты. «Беу, қыздар-ай!» комедиясы өткен ғасырда жазылған шығарма. Алайда бұл қойылымның ерекшелігі – қойылымда бүгінгі заманның басты оқиғаларының көрініс беруі. Былтыр «Жұмысшы мамандықтар жылында» сахналанған бұл туынды биыл еңбек ерінің мерейтойы аясында жаңаша сипат алып, мазмұны байи түсті. Сахна бір сәтте нағыз өнер ордасына айналып, көрерменді әсем әуен мен шынайы күлкіге бөледі.

«Зылиха Тамшыбаева – қажырлы еңбек пен тазалықтың теңдессіз символы. Оның мерейтойында өзі іргетасын қалаған қасиетті мекенде өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе әрі перзенттік парыз», – дейді театр өкілдері.

Қойылым режиссері Ержан Қауланов жастардың сезімін жырлай отырып, қоғамдағы адал еңбектің беделін шебер бейнелеген.

Зылиха Тамшыбаеваның ғибратты өмір жолы мен еңбекке адалдығы қойылымның негізгі өзегімен ұштасып жатыр. Театр ұжымы бұл сапары арқылы еңбек адамының мәртебесін биіктетіп, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтуды мақсат етті.

Қойылым соңында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары өнерпаздарға дән риза болып, Зылиха анамыздың рухын ұлықтаған ұжымға ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *