Талдықорған қаласында қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Жырлары жүректе мәңгі өшпес Мұқағали» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ақынның шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, оның поэзиясы арқылы жастарды әдебиетке баулу, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ поэтикалық туындылардың жастардың рухани дамуы мен эстетикалық талғамын қалыптастырудағы рөлін көрсету болды.
Поэзиялық кеш оффлайн форматта өтіп, оған колледж студенттері қатысты. Қатысушылар сахна төрінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармашылық қойылымдар мен поэзиялық флешмоб арқылы ақын поэзиясының негізгі тақырыптары мен идеяларын көрерменге жеткізді. Әрбір өнер көрсету 5–10 минутқа созылып, қатысушыларға өз эмоциялары мен шығармашылық қабілеттерін толық ашуға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара жастар үшін тек әдеби кеш қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, еркін қарым-қатынас орнатуға және шығармашылық тұрғыда өзін-өзі көрсетуге арналған орта болды. Поэзиялық кеш барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығымен тереңірек танысып, өлеңді мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіріп, әдеби талғамын қалыптастырып, рухани әрі ұлттық құндылықтарға бойлады.
Іс-шара қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды, ал поэзиялық кеш Талдықорған қаласының жастарына рухани шабыт сыйлап, Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасына деген қызығушылығын арттырды.