Screenshot

Жастарға кәсіби бағдар беру, еңбек адамының беделін арттыру және өндірістік саладағы мамандықтарды кеңінен насихаттау мақсатында «Taldykorgan jastary» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мамандық таңдау — өмір жолы» атты танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Аталған іс — шара ЖШС «JLC Сүт» зауытында өткізіліп, оған Талдықорған қаласындағы Талдықорған жоғары аграрлық — технологиялық колледжінің студенттері қатысты. Экскурсияның негізгі мақсаты — жастарды нақты өндіріс орнымен таныстырып, болашақ мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауға бағыт беру.

Экскурсия барысында студенттер зауыттың жалпы құрылымымен, өндірістік желілердің жұмыс істеу қағидаттарымен, заманауи технологиялардың қолданылуымен және сүт өнімдерін өңдеу мен өндірудің барлық кезеңдерімен жан —  жақты танысты. Зауыт мамандары шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімді қаптау және сақтау үдерісіне дейінгі әрбір кезеңді түсіндіріп, өндірістің ерекшеліктері туралы нақты ақпарат берді.

Сонымен қатар студенттерге өндірістік саладағы негізгі мамандықтар — технолог, зертхана маманы, инженер, оператор, сапа бақылаушы және басқа да жұмысшы мамандықтардың қызметтік міндеттері мен жауапкершілігі таныстырылды. Мамандар еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер, кәсіби даму жолдары мен өндірістегі мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде де кеңінен әңгімеледі.

Іс — шара барысында еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік тәртіп мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Студенттерге зауыттағы қауіпсіздік талаптары, санитарлық нормалар және жұмыс барысында сақталуы тиіс ережелер түсіндіріліп, өндірістегі жауапкершіліктің маңыздылығы атап өтілді.

Экскурсияға қатысқан студенттер үшін бұл іс — шара теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік болды. Олар өндірістік кәсіпорынның нақты жұмысымен танысып, болашақта өз мамандықтарын осы салада жалғастыруға деген қызығушылықтарының артқанын айтты.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *