Жетісу облысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және әділет саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 50 мыңнан астам атқарушылық іс робот арқылы өңделіп, ауыл тұрғындары 98 жаңа кабинет арқылы құқықтық базаға қол жеткізді.

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Жетісу облысының Әділет департаменті баспасөз конференциясын өткізді.

Баспасөз мәслихатына мекеме басшысы Жандос Бексұлтан мен оның орынбасары Медет Едрисов қатысты.

Жандос Бексұлтанның айтуынша, әділет органдары өз қызметінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын басшылыққа алады. Президент халыққа Жолдауында құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Әрбір азамат өз әрекетінің құқықтық салдарын түсінуі тиіс, ал мемлекет қолжетімді әрі сапалы құқықтық көмек көрсетуді қамтамасыз етуі қажет.

Осы бағытта Әділет департаменті түсіндіру және ағартушылық іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастырған. Есепті кезеңде «Халық заңгері» акциясы – 5 рет, «Ашық есік күні» – 4 рет, «Тегін заң көмегі күні» – 16 рет өткізілді. Барлығы 25 кеңес беру және түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, 2200-ден астам адам қамтылды.

Ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығына ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта өңірде аудандық және ауылдық клубтарда, мәдениет үйлерінде, әкімшілік ғимараттарда орналасқан eGov бұрыштары базасында 98 «Құқық кабинеті» ашылды. Бұл кабинеттер «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне, «Заң» дерекқорына, e-Otinish ақпараттық жүйесіне және «Ашық НҚА» порталына қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. «Құқық кабинеттеріне» шалғай елді мекендерден 570-тен астам тұрғын құқықтық көмек алу үшін жүгінген.

Цифрлық әділетті дамыту да негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Онлайн режимде құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін «E-Zan Komegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы азаматтар адвокаттар мен заң консультанттарынан бейнебайланыс арқылы кеңес ала алады. Жүйеде 59 маман жұмыс істейді, ал кеңес беру тәулік бойы қолжетімді.

Сонымен қатар, «E-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі сәтті жұмыс істеуде. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаның көмегімен тұрғындар нотариусқа бармай-ақ 1076 сенімхат пен 395 ерлі-зайыптылар арасындағы келісімді рәсімдеген. Барлық құжаттар eGov Mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінде сақталып, қауіпсіз әрі ыңғайлы қолжетімділік қамтамасыз етілген.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – «робот-сот орындаушысының» енгізілуі. Ол 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар бойынша атқарушылық іс жүргізуді автоматты түрде қозғайды. Бұл азаматтарды жеке сот орындаушыларына төленетін 25 пайыздық сыйақыдан босатады.

Жетісу облысында осы тетік арқылы 50 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде жеке тұлғалар 82,4 млн теңге үнемдеген.

Сонымен қатар, құжаттарға апостиль қою қызметі де цифрлық форматқа көшірілді. Енді egov.kz порталы арқылы мемлекеттік органдарға бармай-ақ электронды апостиль алуға болады. Барлығы 1390 апостильдеу қызметі көрсетіліп, оның 267-сі электронды форматта жүзеге асқан.

Медет Едрисовтың айтуынша, әділет органдары жеке нотариустардың қызметіне де бақылау жүргізеді. Өңірде 109 жеке нотариус жұмыс істеп, олар 321 мыңнан астам нотариаттық іс-әрекет жасаған. Сондай-ақ адвокаттар мен заң консультанттарының қызметі үйлестіріледі: Жетісу облысында 140 адвокат пен 292 заң консультанты кәсіби қызмет атқаруда.

Өткен жылы заңда көзделген жағдайларда 4402 азаматқа адвокаттар тарапынан мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі көрсетілген. Ал заң консультанттары 280 тұрғынға ақысыз құқықтық көмек ұсынған.

Мақпал Әділханқызы

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *