Жетісу облысында қысқы кезеңде автомобиль жолдарының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс аумағындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 4 019 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 034 км, жергілікті маңызы бар жолдар – 2 985 км. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 2 758 шақырым.
2025-2026 жылдарға облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға жалпы 554 млн теңге қарастырылған. Атап айтқанда, 2025 жылға – 290 млн теңге, 2026 жылға – 264 млн теңге бөлінді.
Қысқы күтіп-ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын 5 мердігер мекеме жүзеге асыруда. Тайғаққа қарсы материалдарға қажеттілік 4 900 тонна болса, жанар-жағар май қоры 205 тонна. Сонымен қатар, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарына 150 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Қысқы кезеңдегі жедел әрекет ету мақсатында облыстық әкімшілік полиция басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті және олардың аумақтық бөлімшелерімен ақпарат алмасудың арнайы жедел схемасы әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдармен келісілді.
Басқарманың тұрақты бақылауында болатын, қар басу қаупі жоғары және қауіпті деп танылған жалпы ұзындығы 157 шақырым болатын жол учаскелері анықталды. Атап айтқанда, Ақсу, Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Ескелді және Көксу аудандарындағы бірқатар жол бағыттары ерекше бақылауға алынған.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 460 дана уақытша жол белгілері орнатылды.
Айта кету керек, биыл 8 желтоқсаннан бастап өңір аумағында облыстық маңызы бар екі автомобиль жолында бұрқасын жел мен дауылды боран салдарынан қозғалыс 4 рет уақытша шектелді. Бұдан бөлек, облыс орталығы мен елді мекендерде 291 бірлік техника қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына тартылған.