Жетісу облысында жастар арасында спорттық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және «Заң мен тәртіп» идеологиясын кеңінен тарату мақсатында ауқымды спорттық жоба — «BZR League» шағын футбол турниры ұйымдастырылды. Бұл ерекше жоба сауда-саттық саласында еңбек ететін жас азаматтарды біріктіріп, олардың бос уақытын тиімді және қызықты өткізуге мүмкіндік берді.

Турнирге 8 команда, жалпы 100 жас қатысушы қатысты. Қатысушылар құрамына базарлар, көтерме сауда орталықтары, супермаркеттер, сауда желілері мен әртүрлі сауда нүктелерінде жұмыс істейтін жастар кірді. Жарыс барысында қатысушылар өз жұмыс күндерінен тыс уақыттарын тиімді пайдаланып, футбол алаңында шеберліктерін көрсетуге, өз командаларымен бірлесе ойнауға және әділ бәсекеге түсуге мүмкіндік алды.

Бұл турнирдің басты мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың физикалық және психологиялық дамуын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау, тәртіп пен жауапкершілікті арттыру, командалық рухты күшейту және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын спорт арқылы жастар санасына сіңіру болып табылады. Сонымен қатар, турнир қатысушыларға кәсіби ортадан тыс жаңа таныстықтар құруға, бір-бірімен серіктестік орнатуға, команда ішінде және командалар арасында достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.

Турнир барысында командалар алдымен топтық кезеңде бақ сынап, одан кейін іріктеу ойындарына өтті. Қорытынды матчтар өте тартысты және қызықты өтті.  Жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар табыс етілді.

І орын – «Рух» командасы

ІІ орын – «Тенлау» командасы

ІІІ орын – «Шаған» командасы

«BZR League» турнирі тек футбол жарысы ғана емес, ол жастардың денсаулығын нығайтып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын, сондай-ақ сауда саласы қызметкерлерінің беделін көтеретін әлеуметтік маңызды шара болып саналады. Осындай бастамалар арқылы жастар өз әлеуетін толық ашып, қоғамдық өмірге белсенді қатысуға, достық және бірлік сезімін арттыруға мүмкіндік алады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *