Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл «Еуразия Аллюминий» зауытына барып, кәсіпорынның даму жоспарымен танысты, деп хабарлайды kazalem.kz Жетісу газетіне сілтеме жасап.

Шаһар басшысының айтуынша, бұл – аймақтағы қайта өңделген алюминийді жинау, балқыту және құйма түрінде өндіретін заманауи кәсіпорын. Қазір онда 15 адам еңбек етеді. Өндіріс экологиялық таза әрі тиімді технологиялар негізінде 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция есебінен жүзеге асырылған. Зауыттың жалпы көлемі – 1200 шаршы метр. Аталған аумақта өндірістік цех, қойма және әкімшілік ғимараттар орналасқан.

Мамандардың мәліметінше, кәсіпорында шикізат ретінде қайта өңделетін алюминий қалдықтары, доңғалақ дискілері, консерві банкілері мен қозғалтқыш бөлшектері пайдаланылады. Зауыт өнімдері қазірдің өзінде Қазақстанның түрлі өңірлеріне жеткізілсе, алдағы уақытта көрші Қытай, Өзбекстан және Ресей елдерінің нарығына экспорттау жоспарланған. Кәсіпорын алдағы уақытта жасыл технологиялар мен энергия үнемдеу жүйелерін енгізу арқылы экологиялық таза өндірісті одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.

Осыған байланысты кәсіпорынды толық аралап, жұмыс барысын көзімен көрген қала әкімі оның экологиялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, мұндай жобалардың өңір экономикасы үшін маңызды екенін айрықша атап өтті.

– Мұндай өндірістер қаланың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті дамытуға да өз үлесін қосады. Бүгінде әкімдік кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, осындай жобаларды дамытуға бар жағдай жасауды жалғастырады, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *