Мұнда пациенттерге ем тегін жүргізіледі және ол шетелдік клиникалардағы емдеу әдістерінен еш айырмашылығы жоқ.
Шетелде ем қабылдаған науқастар өз елінде қажетті медициналық көмекті жалғастырып, тұрғылықты жері бойынша мамандардың бақылауында бола алады.
«Жетісу облысында, сондай-ақ жалпы Қазақстан бойынша онкологиялық көмек халықаралық стандарттарға сай көрсетіледі. Дүниежүзі бойынша қатерлі ісіктерді емдеу хаттамалары бірдей, сондықтан елімізде қолданылатын терапиялық әдістер шетелдік клиникалардағы емдеу тәсілдерімен ұқсас. Айырмашылық тек дәрі-дәрмектердің өндірушілерінде болуы мүмкін», — деді облыстық көпсалалы клиникасының директоры Мадияр Өмірбаев.
Бүгінде біздің дәрігерлер жетекші ғылыми орталықтарда біліктіліктерін арттырып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуда. Бұл отандық медицинада заманауи әдістерді енгізуге және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Шетелде ем қабылдап келген науқастар есепке алынып, отандық мамандардың тұрақты бақылауында болады. Мұндай тәсіл емнің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, қалпына келу кезеңінің барлық сатыларында науқастың денсаулығын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Облыстық көпсалалы клиника бүгінде аймақ тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетудің негізгі орталығы. Медициналық мекеме құрамында күніне 150 келушіге арналған емхана, 145 төсек-орындық клиникалық бөлімшелер, сондай-ақ диагностикалық және зертханалық бөлімдер жұмыс істейді. Клиникада заманауи және аз инвазивті емдеу әдістері белсенді қолданылады. Артерияішілік химиоинфузиялар, трансартериялды химиотерапия секілді интервенциялық технологиялар бас, мойын, өкпе, құрсақ қуысы және кіші жамбас астауы қатерлі ісіктерін емдеуде тиімді нәтижелер беруде. Осы ем түрлерінің нәтижелілігіне көз жеткізген өзге өңірлердің тұрғындары да Жетісу клиникасына жиі жүгінуде.
Айта кетейік, бүгінде Жетісу облысында қатерлі ісік диагнозымен 7879 адам диспансерлік есепте тұр. Онкологиялық аурулардың құрылымында сүт безі обыры жетекші орында, одан кейін қалқанша безі мен жатыр мойны обыры тіркеліп отыр.