Жетісу облысында тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны белсенді түрде жалғасуда. Қазан айының басынан бастап өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінгі күні 69 447 адамға екпе салынды, бұл жоспарланған көрсеткіштің 85,6% құрайды. Оның ішінде 15 263 адам (22%) – 14 жасқа дейінгі балалар, 54 214 адам (78%) – ересектер. Сонымен қатар, 150 адам жұмыс берушілер есебінен егілді.

Иммундау Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасымен жүргізілуде. 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға жергілікті бюджет есебінен 82 000 доза вакцина сатып алынып, бұл өңір халқының шамамен 12% қамтуға мүмкіндік береді.

Жетісу облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Асхат Чарапиевтің айтуынша, тұмауға қарсы екпе алу – бұл жай ғана алдын алу шарасы емес, қоғам денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам:

«Тұмау – ауа арқылы берілетін, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен және жалпы улану белгілерімен сипатталатын өткір респираторлық вирустық инфекция. Ауру маусымдылыққа ие және көбіне күз-қыс мезгілінде белсенді түрде тарайды. Тұмау вирусы жыл сайын әлем бойынша айналымда жүріп, түрлі жастағы адамдар арасында індет тудырады».

Иммундау арнайы екпе кабинеттерінде дәрігердің міндетті тексерісінен кейін жүргізіледі. Ең алдымен екпе тәуекел топтарындағы адамдарға салынады: ұйымдастырылған жабық мекемелердің тәрбиеленушілеріне (балалар үйлері, қарттар мен мүгедектер үйлері, мектеп-интернаттар), жиі ауыратын және иммунитеті төмен балаларға, созылмалы аурулары бар ересектерге, медицина қызметкерлеріне және жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *