Жетісу облысында діни ахуал тұрақты. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы екі жылда өңірге өзге аймақтардан 11 білікті маман тартылған. Биылғы жылы қосымша 10 штат бөлініп, әр аудан мен қалада теолог мамандар тағайындалған. Сонымен қатар басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының» штаты да ұлғайған.
Бүгінде облыс аумағында 11 конфессияға біріктірілген 269 діни бірлестік пен филиал тіркелген. Онда 340-тан астам діни қызметкер еңбек етеді. Облыстағы миссионерлердің қызметі де заң аясында жүргізілуде. Оларға қатысты заң бұзушылық фактілері тіркелмеген. Керісінше, миссионерлер мен протестанттық бағыттағы шіркеулер қызметкерлеріне қазақ тілін үйрету және ұлттық мәдениетпен таныстыру курстары ұйымдастырылған.
Жыл басынан бері сегіз жаңа имам өңір мешіттеріне қызметке орналасты. Сонымен қатар басқарманың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында имамдарға арналған оқыту курстары ұйымдастырылып, кадрлық әлеует күшейтілді.
Дін істері басқармасы конфессияаралық келісімді сақтау мен қоғамдағы рухани бірлікті нығайту бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.
Діни бірлестіктер жетекшілерінің Клубы құрылып, оның аясында түрлі форматтағы кездесулер, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар мен тарихи орындарға сапарлар ұйымдастырылды.
Интернет кеңістігінде деструктивті контенттің алдын алу мақсатында «Киберқадағалау» жүйесі белсенді жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында республика бойынша жүйеге 73 мыңнан астам сілтеме жүктелген. Соның ішінде Жетісу облысына тиесілі 2500-ден астам материал енгізілді.
Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде деструктивті ағым идеологиясын таратқан 7 азамат анықталды. Оның екеуіне 20 АЕК (76 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды, үшеуі парақшаларын өшірді, екеуі өңірден тыс аймаққа қоныс аударды. Тағы екі пайдаланушының парақшалары сараптамаға жіберілді.
Деструктивті ағым ықпалындағы азаматтармен жұмыс күшейтілген.
Осы мақсатта басқарма жанынан «Психокоррекциялық кабинет» және мобильді «Реамобиль» жобасы іске қосылды. Бұл құрылғылар деструктивті ағым өкілдерімен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, «Бірлік», «Атамекен», және «Жан жылуы» жобалары аясында нысаналы топтарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *