Әрбір қазақстандық өз медициналық құқықтарын білуі маңызды. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс азаматтарға медициналық көмек алу құқығына кепілдік береді. Бұл дегеніміз – әрбір азамат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қызметтерге қол жеткізе алады деген сөз. Пациенттердің құқықтары жөнінде Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Арман Жансеңгіров пен Талдықорған қаласы №2 қалалық емханасының директоры Гүлнафис Жүсіпалиева толығырақ айтып берді.
Азамат өзіне ыңғайлы емхананы және учаскелік дәрігерін еркін таңдай алады, ал жедел жәрдем қызметі еліміздің барлық өңірінде тегін көрсетіледі. Скринингтік тексерулер мен профилактикалық қарап-тексерулер де мемлекет есебінен жүргізіледі. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулары бар пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұл тізімге қант диабеті, гипертония, онкологиялық аурулар сияқты дерттер кіреді. Сонымен қатар жүкті әйелдерге, балаларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.
Пациент дәріханадан алған дәрінің сапасы мен жарамдылық мерзімі туралы ақпарат сұрауға құқылы. Ал егер денсаулығы нашарлап, дәрігерге бару қиын болса, оны үйге шақыртуға болады. Мұндай қызмет әсіресе қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және кішкентай балаларға арналған. Сондай-ақ мобильді медициналық бригадалар тұрғындарға үй жағдайында көмек көрсетеді: тексеру жүргізіп, ем тағайындап, қажет болған жағдайда талдау алады немесе емдік шаралар жүргізеді.
Пациенттің тағы бір маңызды құқығы – күндізгі стационарда ем алу мүмкіндігі. Бұл қызмет толық госпитализациясыз, яғни ауруханада жатпай-ақ емделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар физиотерапия мен оңалту шаралары да медициналық көрсеткіштерге байланысты тегін жүргізіледі.
Дамуында ерекшелігі бар балалар үшін Талдықорғанда Ерте араласуды дамыту орталығы жұмыс істейді. Мұнда логопед, дефектолог, психолог және реабилитолог сияқты мамандар кеңес беріп, балаларға ерте кезеңнен көмек көрсетеді. Ал жастарға арналған «JasLife» орталығында 10-29 жас аралығындағы азаматтар репродуктивті денсаулық, психологиялық қолдау және салауатты өмір салты бойынша тегін кеңес ала алады.
Қажет болған жағдайда пациент госпитализациялау порталы арқылы ауруханаға жолдама алуға құқылы. Бұл жүйе әділдікті қамтамасыз етіп, пациентке қалаған ауруханасын таңдауға мүмкіндік береді. Әрбір емханада Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді, онда азаматтар өз өтініштері мен шағымдарын тікелей шеше алады.
Биыл №2 Талдықорған қалалық емханасында 25 мыңнан астам тұрғын профилактикалық тексеруден өткен, 21 мыңнан астам азамат скринингтік зерттеуден, 5 531 балаға жоспарлы екпе егілген. Сондай-ақ 2 169 адам күндізгі стационарда ем қабылдаса, 1 456 тұрғынға мобильді бригадалар көмек көрсеткен. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып келе жатқанын айғақтайды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *