Өңірде «Тұмауға қарсы егілейік» акциясы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам тұрғын вакцина алды.
Биыл облысқа 82 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы жеткізілді. Бұл халықтың шамамен 12 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Вакцинация 449 егу пунктінде жүргізілуде. Алдымен қауіпті топтағы азаматтар қамтылады: балалар үйлері мен қарттар интернаттарының тұрғындары, жиі ауыратын балалар, созылмалы аурулары бар ересектер, медицина қызметкерлері, жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер.
Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Асхат Чарапиев «Уақтылы вакцина алу – тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы» дейді.
Вакцинация арнайы егу кабинеттерінде, азаматтың денсаулығы бағаланған соң жасалады.
Тұмаудан қорғану тек екпемен шектелмейді. Арнайы емес алдын алу шараларын ұмытпайық, — дейді Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Жунусова.
Атап айтсақ, дәрумендер қабылдау, дұрыс әрі құнарлы тамақтану, сұйық тағамды көбірек пайдалану, үй-жайды жиі желдету, қолды сабынмен жиі жуу, жөтелгенде/түшкіргенде ауыз-мұрынды жабу, бетперде тағу, көпшілік орындардан мүмкіндігінше аулақ болу.
