Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады. Әсіресе, облыстағы туризмнің негізгі ошағы – Алакөл көлі. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде шипалы көлдің арқасында туризм саласының нағыз орталығына айналғанын айтты.
Жетісудың інжу-маржаны саналатын Алакөлге келушілер саны жыл сайын артып келеді. Толқыны тербелген, емдік қасиеті бар суға шомылу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келеді. Былтыр Алакөл жағалауында демалушылар саны 1,7 млн адамға жетіп, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 6,2%-ға жоғары болды. Қызмет көрсету көлемі 5,2 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есе өсті. Көл жағалауындағы туристік нысандар саны да 35,6%-ға артып, 270 бірлікті құрады.
Облыс құрылған сәттен бастап Алакөл ауданы бойынша туризм саласын дамытуға 12,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Ақши және Бескөл ауылдарының арасында жоғары кернеулі (110 кВ) 56,8 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станцияның құрылысы аяқталды. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдары Ақши ауылында ұзындығы 69,7 шақырым магистралды кәріз желісі салынды. Биыл Үкімет резервінен 2,8 млрд теңге бөлініп, Ақши ауылында кәріз тазарту құрылғысының құрылысы басталды. Ал Көктұма ауылында кәріз жүйесінің жобасы әзірленіп, республикалық бюджеттен 2026–2028 жылдарға қаржыландыру үшін өтінім берілді.
Осы жобалар толық іске асса, Алакөлдегі туризм одан әрі қарқынды дамитыны анық.