Талдықорған қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа демалыс аймақтары көптеп бой көтеруде. Биыл облыстың қала және аудан аумақтарын абаттандыру үшін 19 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде қоғамдық инфрақұрылым объектілерін абаттандыруға 12,8 млрд, көше жарығын орнатуға 6,2 млрд. теңге қарастырылған.
Сол қатарда қаланың «Бірлік», «Құлагер» шағын ауданындағы саябақ пен сквер құрылысы жүріп жатыр.
– Талдықорған қаласындағы «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарына саябақ пен сквер салуға 705,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Соның ішінде «Құлагер» шағын ауданындағы саябақ құрылысына 384 млн. теңге, «Бірлік» шағын ауданындағы скверге 321,4 млн. теңге бөлінді. «Құлагер» шағын ауданындағы саябақтың құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталу сатысында, – дейді Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінен Рамил Рахымбаев.
Жобада заманауи абаттандыру элементтері, жаяу жүргіншілер жолдары, жарық шамдары және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Сонымен қатар, бұл жер кең тынысты, жайлылық пен қолайлылыққа толы. Өйткені, мұнда балаларға арналған ойын алаңдары, спорт және веложолдар, отбасылық серуенге арналған көлеңкелі аймақтар, демалыс павильондары орнатылған. Алдағы уақытта жасыл желек пен гүлзарлар қаулап өсіп, аумақтың сәнін ашып, экологиялық ахуалды жақсартатын болады.
Айта кетерлігі, мұндай жаңалық қала орталығында орын алып, жаяу жүргіншілерге арналған Арбат аймағы ашылды. Мұнда демалыс орындықтары, сәндік жарықтандыру және жасыл желек тұрғындар мен қонақтардың көңілін көтереді.
Қалада атқарарылып жатқан иглікті істерге тұрғындардың көңілі шат. «Бұл маңда балалармен серуендейтін ыңғайлы орын жоқ еді. Енді жаңа саябақ ашылса, отбасымызбен жиі келетін боламыз. Балалар алаңдары мен спорт алаңшалары балғындарға үлкен қуаныш сыйлдайтын болады» дейді «Құлагер» шағын ауданының тұрғындары.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жаңа нысан тамыз айының соңына қарай іске қосылып, Талдықорғанның көркін арттырып, тұрғындардың сапалы демалысына мүмкіндік береді.