Бүгінде Жетісу облысының орталығында ескі смарт аялдамаларын қайта қалпына келтіру жұмысы жалғасуда.
Жауаптылардың сөзінше, негізі бұл бастама өңір тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 21 смарт аялдамасы бар. Аталған аялдамалар 2018 жылы ел игілігіне берілгенімен, сапасы сын көтермегендіктен шаһар тұрғындарының наразылықтарын тудырған. Басынан дау арылмай келген бұл аялдамаларды өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен заман талабына сай жабдықтап, 5 жылға сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім шығарылған. Нәтижесінде аялдамаларда қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, осыған дейін толық жөндеуден өткен 12 аялдама пайдалануға берілген. Ал қалған 9 аялдаманы жыл соңына дейін толық жаңарту жоспарланған.
– Жабдықталып жаткан бұл смарт аялдамаларының құрылымы барлық талаптарға сай. Онда қыс мезгілінде арнайы жылыту батареялары іске қосылса, жаз айларында салқындатқыш құрылғылсы жұмыс істейді. Сонымен қатар, әр аялдамада тегін Wi-Fi желісі мен смартфондарды қуаттайтын арнайы құрылғылар орнатылған.Қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында аялдамалар автоматты түрде таңғы 06:30-да ашылып, түнгі 22:00-де жабылады. Бұдан бөлек, барлық аялдамалар тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және күн сайын санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі,– деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметкері Балжан Жұманбекова.
Қазір шаһар тұрғындары қайта жаңартылып қолданысқа беріле бастаған смарт аялдамаларының таза әрі қолайлы болғанына ризашылықтарын білдіруде.