Жетісу облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Баспасөз жиынында департамент басшысы Маржан Кальменова өңірдегі бәсекелестік ортаны қорғау және дамыту бағытында атқарылған шараларды атап өтті. Негізгі мақсат — әділ нарықтық тәртіп орнатып, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әрекеттерді тоқтату.
Мемлекеттік сатып алудағы картельдік келісім белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, «Жетысугаз» компаниясы сұйытылған газды әр тұтынушыға әртүрлі бағамен сатқан. Департамент ескертуінен кейін бұл мәселе жойылып, бүгінде газ барлығына бірдей бағада сатылуда.
2025 жылға арналған жоспарлы мониторинг аясында 36 квазимемлекеттік субъектінің қызметі талданды. Нәтижесінде 18 мемлекеттік кәсіпорында бәсекелестік туралы заңнаманың бұзылғаны анықталып, тиісті нұсқамалар берілді.
Кәсіпорындардың қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгертуге қатысты 21 өтініш қаралып, олардың 17-сіне келісім берілді. 4 жағдай бойынша заң талаптарына сай келмегені үшін рұқсат берілмеді.
Биыл 8 тауар нарығына (оның ішінде құс еті, азық-түлік, авиаотын, нан және қонақ үй қызметтері) бәсекелестік ортаның жай күйіне талдау жүргізілді. Қазір тағы 3 салада: мектепке дейінгі, орта білім және пошта жөнелтілімдері бойынша зерттеу жалғасуда.
Азық-түлік нарығына жасалған талдау қорытындысы бойынша өндірушілерден өнім сатып алуды электронды платформалар арқылы жүргізу ұсынылды. Бұл әдіс ашықтықты арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Кедергілер жөніндегі кеңесте 7 отырыс өткізіліп, нәтижесінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген 3 нақты мәселе жойылды. Олардың екеуі жергілікті деңгейде шешімін тапты.
Бәсекелестік заңнамасын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 9 монополияға қарсы комплаенс актісі қаралып, барлығы заң талаптарына сай деп танылды.
