Жарты жыл ішінде Жетісу облысында интернет-алаяқтық қылмыстарының саны күрт өскен. Полиция департаментінің мәліметінше, биылғы алты айда өңірде 265 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға жоғары.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 591 миллион теңгеден асып, оның 91 миллионы өндіріліп, иелеріне қайтарылды. Қылмыстардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен жарнама сайттары арқылы жасалған. Сонымен қатар жалған инвестициялар, онлайн-қарыз рәсімдеу және өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың әрекеттері жиі кездеседі.
Тергеу барысында бұрын жасалған 132 интернет-алаяқтық фактісі ашылды. Қазіргі уақытта 123 іс сотқа жолданды. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленіп, 75 эпизодты қамтитын ірі істер қозғалды. Заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылған прокси-сервер құрылғылары, SIM-box жабдықтары, антенналар мен елу мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, бірнеше азамат ұсталған.
Deepfake технологиясы арқылы жасалатын жаңа алаяқтық түрлеріне қатысты арнайы бейнеөтініш дайындалып, әлеуметтік желілерде 250 мыңнан астам көрерменге жолданды. Бұдан бөлек, ақпараттық ресурстарды қадағалау кезінде 2 мыңнан астам заңсыз сайт анықталып, бұғатталды.
Жетісу облысының Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, азаматтардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел және алдын алу шараларын тұрақты түрде жалғастырып келеді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *