Жастар — ел болашағы ғана емес, қоғамның бүгініне де тікелей әсер ететін белсенді күш. Осыны жете түсінген «Taldykorgan jastary» мен «Жастар Рухы» ұйымдары жастардың бойында үлкенге құрмет, ерлікке тағзым, еңбекке адалдық секілді асыл қасиеттерді қалыптастыру мақсатында маңызды бастамаларды қолға алуда. Соның бірі — ардагерлерге қамқорлық көрсетуге бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» атты қайырымдылық шарасы.
Аталған шара «Жасыл ел» еңбек жасақтарымен бірлесе отырып ұйымдастырылып, оған 20-ға жуық белсенді жас қатысты. Қатысушылар қаламыздағы жалғызбасты, тұрмыстық көмекке мұқтаж ардагерлердің үйлеріне барып, күнделікті үй шаруасына көмектесті. Аулаларын тазалап, отын-суын реттеп, есік алдындағы гүлзарларын жөндеп беріп, қарттардың көңілін көтеріп, хал-жағдайын сұрады.
Бұл — жай ғана физикалық көмек емес, ең алдымен рухани қолдау, жан жылуы, адамгершілікке толы көңіл екені сөзсіз. Қариялар да жастардың осындай ілтипаты мен шынайы ықыласына дән риза болып, баталарын беріп, өткен күннің естеліктерімен бөлісті.
Мұндай іс-шаралар жастарға үлкен тәрбие береді. Олардың жүрегіне Отанға, елге, тарихқа деген сүйіспеншілік ұялайды. Ұлы Отан соғысы мен бейбіт еңбектің куәсі болған ардагерлерге құрмет көрсету — тек алғыс айту емес, бұл — елге деген адалдықтың, парыз бен жауапкершіліктің белгісі.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы – тек бір реттік шара емес. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын дәстүрге айналатын бағыт. Алдағы уақытта да жастар қауымы бұл үрдісті жалғастырып, аға буынға құрмет көрсету арқылы нағыз азамат болып қалыптасу жолында еңбек ете береді.