Жетісу облысында егістік пен бақтарды суару 6 су қоймасынан және 12 өзеннің суы арқылы қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Vestnik19.kz өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде биылғы жылы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 510,7 мың гектар алқапқа егілгені айтылды, оның ішінде 200,2 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі.

Алайда, биылғы жазда орташа температураның жоғары болуына байланысты өзендердегі су ағыны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шаруашылықтарға суармалы су жеткілікті көлемде беріліп жатыр. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарының үшінші суарымы жүргізілуде.

Биыл өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу алаңын 26,4 мың гектардан 55,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 35,9 мың гектарға жетті, оның ішінде тамшылатып суару – 13,3 мың гектар, жаңбырлатып суару – 22,6 мың гектарды құрап отыр.

«Сонымен қатар, қазіргі уақытта дискретті суару тәсілі енгізілуде. Бұл әдіс арзан әрі қолдануға оңай. Қазіргі таңда 4,8 мың гектар алқап осы тәсілмен қамтылған. Бұл су шығынын 30%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Аталған суару технологиясы шаруалар арасында кеңінен енгізіліп жатыр. Суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін өңірде барлық қажетті шаралар қабылдануда», – деп хабарлады Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасы.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *