Жазғы демалыс басталысымен балалар үшін белсенді әрі қуанышты кезең басталады. Алайда дәл осы уақытта жазатайым оқиғалардың саны күрт артады. Бұл көбіне балалардың ересектердің бақылауынсыз қалуымен және қауіпсіздік ережелерін сақтамауымен байланысты. Сондықтан балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ата-аналармен қатар бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Жаз мезгілінде суға шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, жол-көлік оқиғалары, күн өту, күйік алу, жәндіктердің шағуы, тұрмыстық жарақаттар мен ойын алаңдарындағы оқыс жағдайлар жиі тіркеледі. Осыған орай елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар алдын алу шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, су қоймалары маңында ескерту белгілері орнатылып, балаларға жүзу ережелері түсіндірілуде. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, велосипед пен самокат мінгенде қорғаныш құралдарын қолдану ескертілуде. Сонымен қатар күннің аптап ыстығында бас киім кию, көлеңкеде демалу, тұрмыстық техникаларды тек ересектердің рұқсатымен пайдалану қажеттігі де ата-аналарға тұрақты түрде еске салынуда.
Медицина қызметкерлері де балалардың саулығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, вакцинациялау, скринингтік тексерулер ұйымдастыру, сондай-ақ мамандандырылған медициналық көмекті уақтылы көрсету – балалар денсаулығын нығайтудағы маңызды бағыттар. Шалғай елді мекендерде тұратын балалар үшін санитарлық авиация арқылы жедел көмек көрсетіледі.