Аталған жоба облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып отыр. 2023 жылдан бері іске асып келе жатқан грант бағдарламасы биыл жаңа бағытта жүзеге аспақ. 2025 жылы жоба аясында ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларға ерекше назар аударылып, жұмыссыз жастардың өз кәсібін бастауына жан-жақты қолдау көрсетілмек.
Грант сомасы – 3 миллион теңге. Қаржылай көмек ауылдық жерде тұратын жастарға өз бизнесін бастап, ауыл экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Өтінімдер 2025 жылғы 15 шілдеге дейін қабылданады. Қатысу үшін үміткерлер 18 бен 34 жас аралығында болуы, Жетісу облысында тұрақты тұруы және ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс.
Гранттар ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, мал және балық өсіру, өсімдік шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қолөнер мен шағын өндіріс, сондай-ақ агро- және экотуризм саласындағы жобаларға қолдау көрсетіледі. Конкурсқа өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қабылданады. Үміткерлерден жоба сипаттамасы, таныстырылымы, шығыстар сметасы, жеке куәлік, жұмыссыз ретінде тіркелгені және зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар, білімі мен мекенжайын растайтын құжаттар талап етіледі.
