Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту қарқынды жүзеге асырылуда. Әділет министрлігі «Digital Justice» жобалары аясында халыққа заң көмегін көрсету сапасын арттыру үшін бірқатар жаңа сервистерді енгізді.
Қазіргі уақытта «E-ZanKomegi» жүйесі арқылы азаматтар онлайн режимде құқықтық кеңес ала алады. Сонымен қатар, «Zan Komegi» мобильді қосымшасы негізінде жасанды интеллект элементтері бар чат-бот әзірленуде. Бұл жаңашылдықтар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң қызметтерін барынша қолжетімді етеді.
Атқарушылық іс жүргізу саласында да автоматтандырылған шешімдер енгізілуде. «Робот-сот орындаушы» жобасының нәтижесінде Жетісу облысында соңғы төрт айда 24 млн теңге үнемделді. Жоба борышкерлерге SMS және push-хабарламалар арқылы ескерту жібереді, ал қарызды өтеу процесі толығымен онлайн режимде жүргізіледі.
Нотариат саласында да өзгерістер бар. Сенімхат, келісімдер мен нотариустық кеңестерді енді бейнеқоңырау арқылы рәсімдеуге болады. 2024 жылы осындай 561 сенімхат, 171 келісім және 232 электрондық апостиль онлайн түрде рәсімделді.
Сонымен қатар, Жетісу облысында ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 65 «Құқық кабинеті» ашылды. Бұл орталықтар Egov, e-Otinish және «Ашық НҚА» порталдарына қолжетімділікті қамтамасыз етіп, тұрғындарға құқықтық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру бағытындағы бұл өзгерістер халықтың уақытын үнемдеп, қызметтерді қолжетімді әрі тиімді етуде.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *