Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездесіп, 2024 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспар-ларымен бөлісті.
Әкімнің мәліметінше, 2024 жыл аудан үшін жемісті жыл болды. Барлық салаларда оң динамика байқалған. Аудан бюджетіне 14,3 млрд теңге түсім түсіп, жоспар 119,4%-ке орындалған. Оның ішінде жергілікті бюджетке 10,1 млрд теңге бөлінген.
Алакөл ауданының аграрлық саладағы жетістіктері айтарлықтай:
• Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 63,1 млрд теңгеге жетті.
• Дақылдар алқабы 82 257 гектарды құрап, 198 мың тонна өнім алынған.
• Мал шаруашылығында төрт түлік саны артып, 19,5 мың тонна ет, 33,6 мың тонна сүт өндірілді.
• 2024 жылы пайдаланылмаған 43,7 мың гектар жер айналымға қайтарылып, ауыл шаруашылығында жаңа жобалар жүзеге асырылды.
Өткен жылы аудан экономикасына 143,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі ірі жобаларға «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы мен Талдықорған-Үшарал автожолының аяқталуы жатады.
Сонымен қатар, 28,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 130 отбасы баспаналы болды.
2024 жылы Алакөл жағалауындағы демалыс орындары 1,7 млн туристі қабылдады. Бұл салада 10 млрд теңгеден астам кіріс қамтамасыз етілген. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылымдық жобалар, соның ішінде электрмен жабдықтау желілері бойынша жұмыстар жалғасуда.
Одан бөлек, ауданда 45 мектепте 13,4 мың оқушы білім алуда, ал мектепке дейінгі білім беру 97,7%-ке жеткен.
Медицина саласында 11 елді мекенде медициналық пункттердің құрылысы жүргізіліп, жаңа техникалар мен санитарлық көліктер сатып алынды.
Алдағы жылы аудан әкімдігі экономиканың барлық салаларында тұрақты өсімді қамтамасыз етуді көздеп отыр. Басымдық ауыл шаруашылығын дамытуға, жолдарды жөндеуге және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға беріледі. Туризм саласында жаңа жобалар іске қосылып, демалыс орындарының қолжетімділігі мен сапасы арттырылмақ.