Биылғы 31 наурызда Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутатының орнына сайлау жүріп жатыр. Осыған орай, мен – Камолданова Жазира Ғылымханқызы өз кандидатурамды ұсынудамын.
Мен қасиетті Жетісу жерінде туып, өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді де жақсы білемін. 2001-ші жылы отбасы жағдайына байланысты Талдықорған қаласына қоныс аудардым.
2014-ші жылы «Айша бибі» аналар Қоғамдық бірлестігіннің төрайымы болып тағайындалғаннан бері осы өңірді дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарға, әсіресе, халықты баспанамен қамтамасыз етуге, әлеуметтік осал топтағы аналардың құқықтарын қорғауға, халықтың әл-ауқатын дамытуға белсене араласып келемін. Бұл бағыттағы жетістіктерімді халық біледі.
Жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлауын тағайындау туралы Президентіміздің Жарлығы шыққаннан кейін қалалық мәслихаттың депутаты болуға бел будым. Қаламызды жан-жақты дамытудың барлық мәселелері қалалық мәслихат депутаттары арқылы шешіліп келеді. Талдықорған қаласында да шешімін күткен мәселелер жетіп-артылады. Қаламыздың қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған депутаттарға айтып жатады. Өйткені, депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін.
Мен сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, Талдықорған қаласында мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға ат салысатын боламын:
1.Экономикалық қайта өрлеу бағыты бойынша;
— Отандық өнімдер шығаратын жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал ету. Кәсіпкерлікті дамыту. Қала кәсіпкерлеріне қолдау көрсету;
2. Қала маңындағы саяжайлардың көшелерін асфальттау;
— Көшелерге жарық орнату;
— Көгілдір отын кіргізу (газдандыру)
3. Жаңа әлеуметтік саясат аясында:
— Жергілікті жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамту;
— «Қолжетімді баспана-бағдарламасы бойынша жас жанұялар мен әр-түрлі санаттағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету;
— Денсаулық сақтау мен білім берудің үздік әлемдік стандарттарына қол жеткізу;
— Жастар бастамаларын барынша қолдай отырып, олардың тегін оқып, мамандық алуына жағдай жасау.
4. Этносаралық татулық пен келісімді қорғауда:
— Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлікте қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға атсалысу;
— Талдықорған қаласында мемлекеттік тілдің аясын барынша кеңейту мақсатындағы жұмыстарға бастамашы болу;
— Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатындағы жұмыстарға қолдау көрсету.
5. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде:
— Қай салада да жемқорлық әрекеттерге жол бермеу;
— Жемқорлық әрекеттерге төзбестік ахуал қалыптастыру.
Сондықтан мен талдықорғандықтарымды алдағы сайлауға бір кісідей белсене қатысып, елімізді дамытудың, азаматтық қоғамның дамуына ат салысып жүрген өзін-өзі ұсынған кандидаттарыңызға дауыс беруге шақырамын. Әркім өз таңдауын жасасын!