Күні кеше Тәуелсіздік күні қарсаңында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде «Физика және астрономия» мамандығының 1-курс студенттері арасында ашық тәрбие сағаты өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы Аякөз Aқиқат болды.

Бұл ашық сабақтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің тарихи күн болып ел есінде мәңгілікке қалатынын дәріптеу. Дәріс барысында Желтоқсан оқиғасының ерен ерлерін еске ала отырып, олардың ерліктері баяндалды. Сонымен қатар, шарада Тәуелсіздігіміздің баянды болуы біздің, жастардың қолында екенін айтып, әр азаматтың адамдық борышы екеніне мән берілді.

Ашық сабақ азаттық үшін қыршынынан қиылған сол заманның «Атам десең, атыңдар!»,- деп жалындаған жастарының рухына тағызым етуден басталды. Ары қарай, Мемлекеттік рәміздерімізді айшықтап, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, қазіргі уақыттағы ел қауіпсіздігінің маңызы кеңінен талқыланды. Студенттер шағын топтарға бөлініп, келесі тақырыптар бойынша зерттеулерін ұсынды:

  • Тәуелсіздікке жету жолы: халқымыздың сан ғасырлар бойғы азаттық үшін күресінің кезеңдері.
  • Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері: экономикалық даму мен халықаралық қатынастары.
  • Болашаққа жол: қазіргі және келер ұрпақтың Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін үлесі.

Аякөз Ақиқат өткізген сабақ барысында студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Бейнероликтер дайындап, викториналық сұрақтар арқылы білімдерін сынап көрді. Әсіресе, тәуелсіздік аясында жеткен мүмкіндіктер жайында қызу пікірталас туды.

Студенттер өз зерттеулерінде еркіндіктің әр кезеңі тарих сахнасында алтын әріптермен жазулы керек екенін атап өтті. Тәуелсіз ел болып тұғырымызды бекіткен кезден бері жеткен елеулі жетістіктерімізді саралап, жіктеп берді. «Мен жастарға сенемін»,- деп өткен Мағжан Жұмабаев атамыздың өлеңін тілге тиек ете отырып, Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы да баянды болуы үшін мақсаттарын айқындады.

Қорытындылай келе, ашық сабақ студенттердің тарихи санасын нығайтты. Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күрес тарихымен танысып, елдің егемендікке жету үшін қандай қиындықтардан өткенін терең түсінді.

  • Ұлттық құндылықтарды ұғынды: Тәуелсіздік – тек саяси еркіндік емес, сонымен қатар ұлттық тіл, мәдениет, дәстүрлердің қайта жаңғыруы екенін үйренді.
  • Отансүйгіштік сезімдерін дамытты: Сабақ арқылы студенттер өз елін мақтан тұту, оның болашағына үлес қосу қажеттілігін сезінді.
  • Заманауи тәуелсіз Қазақстан туралы білімдерін толықтырды: Елдің бүгінгі жетістіктері, экономикалық, мәдени, саяси дамуы туралы мәлімет алды.
  • Тұлғалық дамуға әсер етті: Сабақтың талқылаулары мен пікірталастары олардың сыни ойлау, талдау қабілеттерін дамытып, өз ойын ашық айтуға мүмкіндік берді.
  • Жауапкершілік пен үлес қосу сезімін қалыптастырды: Болашақ мамандар ретінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына атсалысу жауапкершілігін сезінді.

Сабақ соңын студенттер «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын»,- деген Әлихан Бөкейханов атамыздың сөзімен тәмамдап шықты.

«Тәуелсіздік – Тұғырым» атты тәрбие сағаты студенттердің ел тарихын терең түсініп, отансүйгіштік сезімдерін нығайтуға ықпал етті. Олар тәуелсіздіктің мәні мен маңызын ұғынып, ұлттық құндылықтарды қадірлеудің маңыздылығын сезінді. Тәуелсіздік – баршамыздың ортақ құндылығымыз. Ақиқат Аякөз өткізген іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын дәріптеу мен жас ұрпақ арасында насихаттаудың тағы бір жарқын үлгісі болды.

Венера Мукамеденкызы, физ-мат. г.к, қауымд. профессор

Аякөз Ақиқат — магистрант


От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *