Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту заң талаптарының орындалуын бақылаумен ғана шектелмейді. Қазақтілді сапалы контентті көбейту, ақпараттық кеңістікті ұлттық тілдегі энциклопедиялық материалдармен толықтыру да маңызды. Осы мәселелер Талдықорғандағы Тіл сарайында өткен «Тіл заңнамасын іске асыру: өзекті мәселелер, тиімді тетіктер» атты семинар-тренингте талқыланды.

Іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты – тіл заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету, заң талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларды рәсімдеу тәртібін түсіндіру және жауапты мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру.

Жиынға аудандық және қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Семинарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов пен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Ақмарал Даутқұлова баяндама жасап, тіл саясатын іске асырудағы өзекті мәселелер мен тиімді жұмыс тетіктеріне тоқталды.

Талқылау барысында тіл заңнамасының сақталуына қойылатын талаптар, анықталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамаларды толтыру тәртібі және жауапты мамандардың міндеттері түсіндірілді. Сонымен қатар қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс-қимыл жоспарына сәйкес ашық онлайн Уикипедияны қазақ тіліндегі энциклопедиялық мақалалармен толықтыру қажеттігі айтылды. Бұл бастама мемлекеттік тілдегі ақпарат көлемін ұлғайтып қана қоймай, ұлттық мазмұндағы деректердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Туғанай Рахымберлинаның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсаты – өңірдің тіл саясаты мен түрлі салаларын қамтитын энциклопедиялық мақалаларды қазақ тілінде жариялау.

«Біздің мақсатымыз – аймағымыздағы тіл саясатына қатысты және түрлі саланы қамтитын энциклопедиялық мақалаларды ашық онлайн Уикипедияға орналастыру. Қазіргі ақпараттық кеңістікте жаңалықтар легі күн сайын жаңарып, ақпарат көлемі артып келеді. Осы үдерістен қалыс қалмай, қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне өз үлесімізді қосу үшін осындай шара ұйымдастырып отырмыз», – деді Туғанай Рахымберлина.

Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесі оның заң жүзінде бекітілуімен ғана емес, күнделікті өмірде, қоғамдық қатынастарда және ақпараттық кеңістікте қолданылу деңгейімен де айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мен қазақтілді контентті көбейту – өзара сабақтас бағыттар.

Сондықтан мемлекеттік органдармен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерінің де бұл іске белсенді қатысуы маңызды. Мұндай жұмыстар қазақ тіліндегі ақпараттың қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *