Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру және оның құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақорданың 2026 жылғы 25 қарашадағы ресми мәліметінше, жаңа комиссияның басты міндеті – бағдарлама шеңберіндегі жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдер мен қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.
Жарлыққа сәйкес, бағдарламаны іске асырудың қаражатты жоспарлау мен бөлуден бастап, нысандарды толық пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі қатаң қадағалауға алынады. Мемлекеттік комиссия келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:
- Мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына тұрақты мониторинг жасайды;
- Тәуекел деңгейі жоғары жобаларды дер кезінде анықтап, олқылықтарды жою жөнінде нақты шаралар әзірлейді;
- Мониторинг қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына тоқсандық және жылдық есептер ұсынып отырады.
Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) белгіленді.
Қоғамдық және мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында комиссия құрамына уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, сондай-ақ журналистер, қоғам қайраткерлері, тәуелсіз сарапшылар, өңірлер мен бизнес қауымдастығының өкілдері енгізілді.