Құрметті жерлестер!
Мен, Абылайхан Мақсұтұлы Сайланбай, Көксу ауданында туып-өстім. «Ауылым — алтын бесігім» демекші, осы уақытқа дейін жинақтаған іс-тәжірибемді Көксу өңірінің өсіп-өркендеуіне, елді мекендеріміздің көркеюіне жұмсауды басты мақсатым деп білемін.

Алдағы 2026-2031 жылдар – біздің ауданымыз бен әрбір елді мекеніміздің дамуы үшін маңызды кезең. Көксу аудандық мәслихатының депутаттығына № 6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша өзін-өзі ұсынушы кандидат ретінде сайлауалды бағдарламамды сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
Менің басты мақсатым – халықтың өтінішін нақты іске айналдыру және тұрғындардың сенімін ақтау. Депутаттық қызметтің нәтижесі құрғақ сөзбен емес, тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер ететін нақты өзгерістермен өлшенуі керек деп санаймын. Сондықтан мен орындалуы күмәнді уәделер бермеймін. Заңмен берілген депутаттық өкілеттігімді пайдаланып, тұрғындардың ұсыныстарын мәслихатта талқылауға енгізуге, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдауға, бюджет пен даму жоспарларын қарау кезінде халықтың қажеттіліктерін ескертуге және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға күш саламын.
Жұмысымның негізі – ашық диалог, әділдік, жауапкершілік және нақты нәтиже. Осы қағидаттарға сүйене отырып, сегіз басым бағытты айқындадым:
Инфрақұрылым және қауіпсіздік. Ауылішілік және аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйін зерделеп, жөндеуді қажет ететін учаскелерді кезең-кезеңімен жаңарту мәселесін көтеруді жоспарлаймын. Жаяу жүргіншілер өткелдерін, жол белгілерін, аялдамалар мен көше жарығын қажет ететін орындарды анықтап, әсіресе мектептер мен әлеуметтік нысандар маңындағы жол қауіпсіздігін күшейтуге назар аударамын. Сонымен қатар ауызсудың сапасы мен үздіксіз берілуін, тозған су құбырларын жөндеуді тұрақты бақылауда ұстап, суару жүйелерін, арық-атыздарды, электр желілері мен көше жарығын жақсарту жөніндегі ұсыныстарды тиісті мекемелерге жеткіземін. Инфрақұрылымдық жобаларды аудандық бюджет пен даму жоспарларына енгізу қажеттігін негіздеп көтеремін.
Білім, жастар, еңбек және кәсіпкерлік. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын, қауіпсіздігін және санитарлық талаптарға сәйкестігін жақсарту бастамаларын қолдаймын. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдарын, үйірмелерді және бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, жастардың білім алуына, кәсіптік бағдар таңдауына, жұмыспен қамтылуына және қоғамдық бастамаларына қолдау көрсетемін. Жұмыс іздеушілерге мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіптік оқыту шаралары туралы ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етемін. Шағын және орта бизнес, ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының ұсыныстарын жинақтап, дамуға кедергі келтіретін мәселелерді көтеремін, сондай-ақ кәсіп ашуға ниетті азаматтарға арналған гранттар, жеңілдетілген қолдау тетіктері мен оқыту мүмкіндіктері жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қолдаймын.
Әлеуметтік қолдау, денсаулық, мәдениет және экология. Қарттардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың өтініштерін назарда ұстаймын. Медициналық пункттердің қолжетімділігі, қажетті мамандармен қамтылуы және алғашқы медициналық көмектің сапасы мәселелерін жауапты органдарға жеткізіп, әлеуметтік төлемдер мен көмек алу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарына ықпал етемін. Ауылдық мәдениет үйлері мен спорт нысандарының жағдайын жақсарту, барлық жас санатына арналған мәдени, спорттық, қоғамдық, еріктілік және қайырымдылық іс-шараларын қолдаймын. Елді мекендерді абаттандыру, көше тазалығы, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, заңсыз қоқыс орындарын жою, ағаш отырғызу, көгалдандыру, су ресурстарын ұқыпты пайдалану және «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарға тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуын ынталандырамын.
Ашықтық және тұрақты байланыс. Тұрғындарды тұрақты қабылдап, әрбір өтініштің қаралу барысын бақылаймын. Маңызды мәселелер бойынша қоғамдық талқылаулар өткізуге бастамашылық етіп, атқарылған жұмыс пен мәселелердің шешілу барысы туралы халыққа жүйелі түрде есеп беремін.
Ауданымыздың дамуы – баршамызға ортақ міндет. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен талаптарыңыз менің жұмысымның негізгі бағдары болады. Сайлауға қатысып, өз таңдауыңызды жасаңыз!