«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсына аудандық/қалалық кезеңіне өтінімдер 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 73 өтінім келіп түсті.
Жетісу облысында отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын, өнегелі әрі белсенді әулеттерді анықтайтын дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына құжаттар қабылдау басталды. Биыл аталған шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 9,5 млн теңге қаржы қарастырылған.
Мүшелері еңбекте, спортта, шығармашылықта, зияткерлік немесе ғылыми салада жоғары жетістіктерге жеткен, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметпен (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) айналысатын өнегелі отбасылар мен еңбек әулеттері қатыса алады. Үміткерлер өзін-өзі ұсына алады немесе оларды жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалар ұсынады.
Қандай шектеулер бар?
Бұрын «Мерейлі отбасы» конкурсының республикалық деңгейде лауреаты атанғандар;
Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған ұйымдарға мүше (немесе мүше болған) адамдары бар отбасылар;
Бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар байқауға қатыса алмайды.
15-30 маусым: аудандық (қалалық) комиссиялар келіп түскен құжаттарды іріктеп, үздік шыққан екі отбасының құжаттарын облыстық деңгейге жолдайды.
1-15 шілде: Облыстық комиссияның отырысы өтеді. Нәтижесінде үздік көрсеткіш көрсеткен 3 отбасыға қаржылай сыйлықтар, ал белсенділік танытқан 7 отбасыға ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Облыстық кезеңнің жеңімпазына «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы беріліп, ол қыркүйек айында (Отбасы күні қарсаңында) Астана қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне жолдама алады. Елордада жеңімпаздарға арнайы диплом мен мүсінше табысталады.
Қатысуға ниет білдірген отбасылар 15 маусымға дейін тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) ішкі саясат бөлімдеріне қағаз немесе электронды түрде құжаттарды өткізуі тиіс.