Қызылша – ауа тамшыларымен (түшкіру, жөтелу, сөйлесу арқылы) таралатын жедел, өте жұқпалы вирустық ауру. Ол жоғары температурамен (39-400С дейін), интоксикация, жөтел, конъюнктивит және бөртпемен сипатталады.  

Симптомдары мен ағымы: инкубациялық кезең 7-14 күнге созылады. Ауру ЖРВИ белгілерінен басталады (жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы). Қызылшаға тән белгі – ауыз қуысындағы Филатов-Коплик дақтары, содан кейін-бөртпе (дақты-папулезды), алдымен құлақтың артында және бетте пайда болады, содан кейін 3-4 күн ішінде бүкіл денеге таралады.

 Жұқпалылығы. Науқас адам бөртпе пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын және бөртпелердің 4-ші күніне дейін жұқпалы болады. Вакцинацияланбағандардың вирусты қабылдағыштық деңгейі 100% құрайды.

 Асқынулар. Қызылша ауыр асқынулармен қауіпті: пневмония, энцефалит (мидың қабынуы), менингит, соқырлық, мүгедектік және өлім жағдайы орын алуы мүмкін. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті.

 Қызылшаның ең қорқынышты асқынуы – бұл қызылша вирусының миды зақымдап, уақыт өте келе (айлар немесе жылдар) физикалық және психиқалық деградация мен мүгедектікке алып келетін жеделденген склерозданған панэнцефалит. Сонымен қатар, қызылша иммундық жадты «өшіреді», осылайша ағза бұрын ауырған инфекцияларға да сезімтал болады.

Тәуекел тобына кімдер кіреді? Қызылшаны вирусқа қарсы иммунитеті жоқ кез-келген адам жұқтыруы мүмкін (вакцинацияланбаған немесе вакцинацияланған, бірақ иммунитет қалыптаспаған). Қызылшаның ауыр асқыну қаупіне көбінесе вакцинацияланбаған нәрестелер ұшырайды.

Емі. Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препараттар жоқ. Медициналық көмек симптомдарды жеңілдетуге, пациентке қолайлы жағдай жасауға және асқынулардың алдын алуға бағытталады.

Алдын алу. Инфекциямен күресудің ең күшті, қол жетімді және тиімді әдісі-вакцинация. Бұл қауіпсіз және аурудың өзінен де, оның таралуынан да қорғай отырып, ағзада тұрақты иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау 12-15 ай және қайта — 6 жаста жүргізіледі.

 Аурудың таралуын болдырмау үшін халық арасында вакцинациямен қамтудың жоғары деңгейі қажет. Вакцинацияланбаған тұрғындардың пайызының төмендеуі аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Бұл бүгінгі күні қызылша ауруының негізгі себебі.

 Облыста жас құрылымына байланысты қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайға сәйкес 6 айлық (6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі) жастағы балаларға қызылшаға қарсы вакцинация жүргізілуде. Бұл ең осал жас топтарын қорғауға және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 2768 бала қызылшаға қарсы қосымша вакцинациямен қамтылған.

Егер Сіздің балаңызда дене қызуы және бөртпе сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу өте маңызды. Ауруды сәтті басқару және асқынулардың алдын алу үшін жедел диагностика мен емдеу қажет. Емдеуді ерте бастау науқасты ғана емес, жалпы қоғамды да қорғауға көмектеседі, инфекцияның таралу қаупін азайтады.

Асхат Чарапиев,

Жетісу облысы СЭБД басшысы.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *