Талдықорған қаласында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кең көлемді «Нашақорлыққа жол жоқ» атты антиграффити акциясы өтті. Акцияның негізгі мақсаты жастарды зиянды ақпарат көздерінен қорғау, қоғамдық орындарда құқыққа қайшы насихаттың алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеу болды.
Шара барысында қала аумағында нашақорлықты насихаттайтын граффити жазулар мен түрлі штрих-кодтар анықталып, оларды жою жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ жастармен, оқушылар және студенттермен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, нашақорлықтың зияны мен құқықтық жауапкершілігі туралы кең көлемде ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған бастама көше бойын тазарту шарасы ғана емес, жастардың бойында жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға және қоғамды теріс ықпалдан қорғауға бағытталған тиімді құрал болды. «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы әрбір жасөспірім мен азаматқа арналған ортақ үндеу ретінде бағаланып, қоғам болып бірлесе атсалысу арқылы жастарды зиянды әдеттерден сақтап, болашағымызды қауіпсіз әрі жарқын етуге болатыны атап өтілді.
