Талдықорған қаласында «Достық үйінде» «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде «Ғажайып шырша» қайырымдылық акциясы өтті.
Іс-шара ерекше қажеттілігі бар балаларға жаңа жыл қарсаңында қуаныш сыйлау, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Қала аумағындағы бірнеше нысанда арнайы безендірілген қайырымдылық шыршалары орнатылды. Шыршаларға ерекше қажеттілігі бар балалардың арман-тілектері жазылған конверттер ілініп, қала тұрғындары мен қонақтарына сол тілектерді орындауға мүмкіндік берілді. Бұл бастама көптеген жандардың жүрегінен орын алып, қоғамның кең қолдауына ие болды.
Іс-шара барысында жиналған сыйлықтар Ассамблея жастарының белсенділері мен еріктілердің қатысуымен балаларға арнайы ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама аясында табысталды. Балалар үшін қызықты ойындар, концерттік нөмірлер, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен мерекелік көңіл-күй сыйланды.
«Ғажайып шырша» акциясы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі имидждік шара ретінде қоғамды қайырымдылыққа, бірлік пен өзара қолдауға шақырады. Акцияға қала тұрғындары, меценаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, түрлі мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары белсенді түрде қатысады.
Айта кетейік, өткен жылы бұл қайырымдылық акциясы аясында 150 мүмкіндігі шектеулі бала қамтылса, биылғы жылы акцияның ауқымы кеңейіп, 200-ден астам балаға жаңа жылдық сыйлықтар табысталатын болады. Бұл көрсеткіш – мемлекет, азаматтық қоғам, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын дәлелі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ғажайып шырша» акциясы алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, игі дәстүр ретінде сақталады. Мұндай бастамалар балалардың жүрегіне үміт сыйлап қана қоймай, қоғамдағы мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
