Алакөл ауданы жастары арасында құқықтық мәдениетті нығайту, әділдік пен жауапкершілік ұстанымдарын терең түсіндіру мақсатында Үшарал қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Әділ болу – нағыз батырлық» атты кең көлемді құқықтық кеңес өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып, мамандармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әділдік құндылықтарын түсіндіру және құқықтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Прокуратура өкілдері жас ұрпақтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – заң бұзушылықтың алдын алуындағы негізгі фактор екенін атап өтіп, әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттердің салдары туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.
Ал Алакөл ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары соңғы жылдары жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлері – тәртіпсіздік, интернет алаяқтық, бұзақылық және басқа да құқыққа қарсы әрекеттер туралы нақты деректер келтірді.
Кеңес еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақ қойып, практикалық кеңестер алып, мамандармен ашық талқылау жүргізді. Бұл олардың құқықтық нормаларды тереңірек түсінуіне және күнделікті өмірде қолдана алуына ықпал етті.
«Әділ болу – нағыз батырлық» атты құқықтық кеңес – жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және олардың қоғамдағы жауапкершілікті азамат ретінде қалыптасуына бағытталған маңызды бастама болды.