Цифрлық дәуір қарқынды дамыған бүгінгі қоғамда интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – аса маңызды міндеттердің бірі. Себебі киберқылмыс, жалған ақпарат тарату, фишинг пен түрлі интернет-алаяқтық түрлері күн сайын көбейіп, жас ұрпақтың ақпараттық иммунитетін күшейтуді талап етеді. Осы ретте жастардың саналы цифрлық мінез-құлқын қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі білімін арттыру – уақыт талабы.
Талдықорған қаласындағы «Zhansugurov college» оқу орнында осы өзекті мәселелерді қамтыған «CyberTalk: қауіпсіз болашақ үшін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға прокуратура қызметкерлері мен кибер волонтерлер қатысып, киберқауіпсіздік саласындағы өзекті тақырыптарды жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында мамандар қазіргі цифрлық кеңістікте жиі кездесетін қауіп-қатерлер туралы айтып, олардан қорғанудың тиімді жолдарын ұсынды. Прокуратура өкілдері интернеттегі заң бұзушылықтарға қатысты нақты мысалдар келтіріп, құқықтық жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді. Ал кибер волонтерлер жастар арасында қауіпсіз интернет мәдениетін қалыптастыру бағытындағы тәжірибелері мен бастамаларын бөлісіп, практикалық кеңестер берді.
Дөңгелек үстел интерактивті форматта өтіп, студенттер мамандармен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды. Ашық талқылаулар мен тәжірибеге негізделген ұсыныстар шараның мазмұнын тереңдетіп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
«CyberTalk: қауіпсіз болашақ үшін» дөңгелек үстелі – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық мәдениетін дамытуды нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз интернет ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама жас буынның саналы, қауіпсіз және жауапты цифрлық қоғам мүшесі ретінде қалыптасуына зор үлес қосары анық.
