
Жетісу облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алишер Башаров педагог мәртебесін арттыру бойынша баспасөз мәслихатына қатысты.
Спикер өз сөзінде білім саласындағы аса маңызды және өзекті мәселе – педагог мәртебесін арттыру тақырыбына тоқталды. Аталған мәселенің Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бастырмалата айтты.
«Педагог мәртебесі мен беделін көтеру – сапалы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде біздің негізгі жұмыс бағытымыздың бірі. Биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің міндеті-қоғамда педагогтің беделі мен мәртебесін барынша арттыру. Мұғалімдердің құқықтарын қорғау мәселесі әрдайым ерекше назарда болуы тиіс» деп атап өтті. Осыған орай, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті ретінде біз үшін педагогтің мәртебесі – тек заң жүзінде бекітілген құқықтар мен кепілдіктер ғана емес, сонымен қатар білім беру сапасының негізі, ұрпақ болашағының айнасы деп түсінеміз», — деді Алишер Қуанышбайұлы.
Қазіргі уақытта облыста 404 балабақша, 315 мектеп, 28 колледж бар. Осы білім беру ұйымдарында 15 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
Спикер өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» заң өз күшіне енген сәттен бастап, мұғалімдердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері нақты бекітіліп, білім беру мекемелерінде оның орындалуына жүйелі бақылау жүргізіліп жатқанын, педагогтерді кәсіби дамуға ынталандыру – сапаны қамтамасыз етудің негізгі тетігі екенін және біліктілік арттыру курстарының мазмұны жаңартылып, оларды бағалау жүйесі жетілдіріліп жатқанын айтты. Педагог – тек сабақ беруші емес, ол – ұлт болашағын қалыптастырушы тұлға. Сондықтан оның кәсіби әлеуетін көтеру, еңбегіне лайықты жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Сөз соңында білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті педагогтің құқықтарын қорғау мен олардың кәсіби дамуын қолдауды басты назарда ұстай отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді.