Жетісу облысының орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында арық жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осы орайда биыл қалада 7,4 шақырым арық желісін жаңадан салу жоспарланған.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қала аумағында жалпы ұзындығы 375 шақырымға жуық арық жүйесі бар. Оның 195,8 шақырымы лотокты канал да, 178,8 шақырымы ашық жер үсті арналары. Сонымен қатар, 710 арық өткелі орналасқан. Бұрын қала аумағындағы арық желілері арқылы су өткізу небәрі 22 пайыз ғана болса, жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш бүгінде 70 пайызға жеткен. Ал биылғы жылғы арық жүйедерін жаңарту жұмыстары бойынша «Евразия Инвест Строй» және «DILIGENT01» мердігер мекемелерімен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған.
– Қазір облыс орталығында арық салу бойынша құрылыс жұмыстары басталып, Балпық би көшесінде 40 метрлік арық желісі салынып болды. Жалпы бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар коммуналдық қызмет саласының мамандары әр күн сайын 2-3 шақырымға жуық су арналарын тұрмыстық және өсімдіктер қалдықтарынан тазартып, судың еркін ағысын қамтамасыз етуде. Оған арнайы 12 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылған. Бұл жауын-шашын күндері судың жиналуына жол бермей, су тасқынының алдын алуға және қала тұрғындарына қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған,–дейді шаһар әкімі баспасөз қызметінің өкілі.
Сала мамандарының айтуынша, өткен жылы да осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылған. Атап айтқанда, қала аумағында 1,8 шақырым суару арналары жаңартылып, 7,8 шақырым болатын арық желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілген. Бұл жұмыстар шаһардағы Медеу, Желтоқсан, Райымбек, Қабанбай батыр, Жалайыри, Тынышбаева көшелерімен бірге автобекет маңында атқарылған. Нәтижесінде, бірнеше көшеге арық суы жеткізіліп, арық жүйесінің ұзындығы 18,7 шақырымға ұлғайтылған.