Ескелді ауданына қарасты Ақын Сара ауылы соңғы жылдары жаңарып келеді. Тынысы кеңіп, тірлігі түзелген ауылдың ендігі бір түйткілді мәселесі арық жүйесі болатын. Қанша жылдардан бері көктемде жауын, жазда аптаптың астында қалған көшелер бойында су жүретін жүйе болмаған-ды. Енді, міне, ел тілеуі ескерусіз қалмай, арналы тіршілікке жол ашылды.

Ауыл әкімі Шынарбек Бозовтың айтуынша, су арналарын қазу жұмысы бір ай бұрын басталған. Істің жүгі – ауыр, жауапкершілігі – зор. Бұл істі атқару «ҚостанайСпецСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 15 жұмысшы күн сайын бел жазбастан еңбек етіп, 1 жүк тиегіш, 1 манипулятор және 1 «Hyundai» техникасы үздіксіз жұмыс атқаруда. Жобаның ауқымы да аз емес – тартылатын арық жүйесінің жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайды.

Бүгінде Біржан сал, Әлия Молдағұлова және Бауыржан Момышұлы көшелеріндегі шаруа толығымен тамамдалған. Қазір құрылыс қарқыны Шәкен Айманов көшесіне көшіп, жұмыс жалғасып жатыр. Бұл көшелер ауылдың күретамыры, негізгі бағыттары. Арна тартылған соң көшелердің көркі артып, айнала көгеріп, тіршілік тамырына нәр құйылмақ.

Ауыл тұрғыны ақсақал Нұртілеу Ибрагимов атқарылып жатқан істің мән-маңызына ерекше тоқталып:

– Ауылдағы төрт көшенің жұмысы бітіп, енді бір ұзын, бір қысқа көше қалды. Мердігер мекеме елмен ақылдасып, кеңесіп жұмыс атқаруда. Мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды ауылда болмаған. Тек 2022 жылдан бері қарай ауыл біртіндеп жаңарып келеді, – дейді.

Шынымен де соңғы жылдары Ақын Сара ауылында ілкімді істер легі байқалады. Былтыр ауылға сән-салтанаты келіскен Мәдениет үйі, халықтың денсаулығына қызмет ететін жаңа медициналық пункт және бүлдіршіндерге арналған ойын-сауық алаңы салынған болатын. Бұл бір күннің шаруасы емес, жүйелі жоспардың нәтижесі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *