Облыста қорғаныш бөгетін салу және Алакөл көлінің бойында серуендеуге арналған аймақ құру бойынша көптен күткен жоба басталды.
Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, жоба құны 19 миллиард теңгені құрайды. Бүгінде байқау рәсімдері аяқталып, мердігер ұйым анықталған. Жұмыс Көктұма жағынан басталады. Себебі, қазір Ақшиде жағажай маусымы қызу. Сондықтан ол жердегі жұмыс 10 тамыздан қолға алынады деп жоспарланып отыр. Бұл жобаның бірінші, екінші кезеңінде жағалау аймағы абаттандырылады.
Бірінші кезеңді жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге қарастырылып, бүгінде оның 1,5 миллиард теңгесі бөлінген. Жұмысты 2 жыл ішінде аяқтау көзделуде. Бөгеттің жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асады. Жағалауды қорғау құрылысы Ақши және Көктұма ауылдарындағы көл жағалауын бойлай өтеді. Бөгеттің негізгі міндеті – жағалау аймағын қатты толқындар мен мұз басу салдарынан туындайтын қауіпті жағдайлардан қорғау.
Айта кетейік, Алакөл көлінің жағалауын нығайту мәселесі біраз жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы мен Жетісу облысы билігінің назарында болды. Осыдан 2 жыл бұрын туристік бизнес өкілдері жобаны жедел аяқтау қажеттігі туралы ашық мәлімдеп, 15 жылдан аса уақыт өзекті мәселенің біріне айналғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде көптеген демалыс орындары су астында қалып, бұл бизнеске айтарлықтай зиянын тигізген.
2014 жылы түзетілген «Шығыс Қазақстан облысы Қабанбай ауылы маңындағы Алакөл көлінің рекреациялық аймағын нығайту» жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен. Содан кейін жағалау жиегінің үш шақырымы бойымен 130 метрге дейін көлдің су айдынына баратын сегіз пирстің арнайы бөгетін салу жоспарланған.