Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша тырысқақтың (холера) ахуалы тұрақсыз болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының карантиндік инфекциялармен сырқаттанушылық деректері бойынша 2025 жылдыңбасынан әлемде45698жағдай тіркеліп, оның 497 жағдайы өліммен аяқталған. Азияның континенті бойынша мемлекеттерде(Таиланд, Пәкістан, Афганистан Йемен, Мьянма) 17369 жағдай тіркеліп, оның ішінде 14 жағдайы өліммен аяқталған.
Елімізден туристік сапармен баратындар санының өсуіне байланысты аурудың Қазақстанға әкелініп таралуына қауіпі жоғары.
«Тырысқақ – асқазан-ішек жолын зақымдайтын, құсу мен іш өту салдарынан ағзаның сусыздануына әкелетін аса қауіпті жедел ішек инфекциясы.Тырысқақ ауруының қоздырғышы вибрион — суда көп уақыт сақталады, кептіруге, күн сәулесінің тікелей әсеріне, қайнатуға төзімсіз. Қоздырғыш су, тағам, тұрмыстық — қатынас жолдарымен жұғып, аш ішекте көбейіп, ауру тудырады. Жұқпаның көзі – науқас адам немесе қоздырғыштасымалдаушы», — дейді Жетісу облысының бас санитарлық дәрігері Асхат Чарапиев.
Тырысқақ ауруының белгілері: жүрек айну, лоқсып құсу, іш өту (ауыр түрге айналса күніне 20 -30 ретке дейін), дәреттің түрі күріш қайнатпасына ұқсас болады. Осының нәтижесінде ағзадан су және микроэлементтер көп мөлшерде шығып, ауыр түрімен ауырған адамдар 20-30% дейін салмағын жоғалтады. Науқастың денсаулық жағдайы ағзаның сусыздануынан нашарлайды, суық тер басып, дене қызуы 34-35С дейін төмендейді, көзі шүңірейіп, терісі кеуіп тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады немесе мүлдем шықпай қалады (афония), егер адамды дер кезінде емдемесе, ол қайғылы жағдайға ұшырайды. Тырысқақ ауруының инкубациялық кезеңі (науқас жұқтырған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін) 1-ден 5 күнге дейін, көбінесе 2-3 күнге созылады.
Тырысқақ дертінің алдын-алу үшін келесі ережелерді сақтау қажет:
- жеке бас гигиена талаптарын қатаң сақтау;
- суды қайнатып қолдану;
- тамақтану алдында және әжетханадан кейін қолды сабынмен тазалап жуу;
- көкөніс пен жеміс — жидекті пайдаланарда сумен тазартып жуу;
- тез бұзылатын тағамдарды белгіленген температурада тоңазытқышта сақтап, оларды жарамдылық мерзімі шегінде пайдалану;
- ластанған су көздеріндешомылмау;
- тырысқақ ауруынан қолайсыз елдерге сапарға шыққанда сақтық шараларын сақтау;
- тырысқаққа ұқсас белгілер пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгіну.