Халықтың салықтық сауаттылығын арттыру және фискалдық чектер беруді ынталандыру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті «Чекті талап ет – жүлде ұтып ал!» атты акциясын өткізіп жатыр.
Аталған акция аясында кез келген тұтынушы “Amian” мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған тауарлар мен көрсетілген қызметтерге берілген фискалдық чектерді сканерлеп, жүлделер ұтысына автоматты түрде қатыса алады. Жыл соңында барлық қатысушылар арасында түрлі жүлделер ойнатылады.
Сонымен қатар, осы айдан бастап ең белсенді қатысушыларды ынталандыруға бағытталған «Бәйге» акциясы іске қосылды. Бұл акцияның шарттарына сәйкес, әрбір өңір бойынша ең көп чек сканерлеген салық төлеушілерге тоқсан қорытындысы бойынша 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай сыйақы беріледі. Осылайша, жыл соңына дейін үш мәрте ұтыс өткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек, еліміздің бірнеше өңірінде «Салық кэшбэк» акциясы басталды. Оның шарттарына сәйкес, тұтынушы мобильді қосымша арқылы чекті сканерлеген жағдайда фискалдық чектің сомасына байланысты 2%-ға дейін кэшбэк алу мүмкіндігіне ие болады. Жетісу облысында бұл акция әзірге іске қосылмағанымен, қаржыландыру мәселесі шешілген соң жақын арада басталуы жоспарланып отыр.
Айта кету керек, оң динамика байқалуда: 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Жетісу облысында берілген чектер саны 220%-ға, ал фискалдық чектердің жалпы сомасы 237%-ға артқан.