Қазақстанда мобильді интернет тарифтері әлемдік орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, қараша айындағы рейтинг нәтижесінде Қазақстан мобильді интернет тарифтерінің қолжетімділігі бойынша интернеті жылдам 55 елдің ішінде 7-орынға ие болған.
Елімізде мобильді байланыстың орташа айлық құны шамамен 10 доллар болса, әлемдік орташа көрсеткіш 27 долларды құрайды. Осылайша, Қазақстандағы мобильді интернет бағасы халықаралық деңгейден едәуір төмен. Сонымен қатар, интернет-трафик көлемі жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты байланыс жылдамдығын арттыру және 5G желісін кеңейту үшін телекоммуникация операторлары инфрақұрылымға инвестиция салуы қажет.
Жаслан Мәдиев тарифтердің халық үшін қолжетімді болуы мен байланыс саласының инвесторларға тартымдылығын қатар сақтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, осы екі бағыттың арасындағы тепе-теңдік цифрлық инфрақұрылымды дамытуда маңызды рөл атқарады.