Ақсу ауданының 16 ауылының тұрғындары өз бастамаларымен азаматтық құқықтарын пайдаланып, саналы таңдау жасау үшін сайлау учаскелеріне бірге келді.
Бұл бастама ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің жарқын дәлелі болды.
«Құрылтайға жасалған алғашқы сайлауды еліміз үшін маңызды тарихи оқиға деп есептеймін. Осынау маңызды күні ауыл тұрғындарымен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, ел болашағына деген көзқарасын білдіру арқылы азаматтық ұстанымын көрсетуі тиіс», – деді ауыл тұрғындарының бірі. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының дауыс беруге бір мезгілде қатысуы олардың бірлігі мен ынтымағының айқын көрінісі болды.
«Біз бір ауылдың тұрғындары ретінде сайлау учаскесіне бірге келдік, бірақ әрқайсысымыз өз таңдауымызды дербес жасадық. Ең бастысы — Құрылтайдың алғашқы сайлауына белсенді қатысып, өз дауысымызды беру», — деп атап өтті ол.
Ақсу ауданының 16 ауылы тұрғындарының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара олардың белсенді азаматтық ұстанымын, ынтымақтастығы мен бірлігін, сондай-ақ ел болашағына деген жауапкершілігін айқын көрсетті.