Ғасыр жасаған ана әрі 13 баланың анасы азаматтарды бірлікті сақтауға және Отан игілігі үшін еңбек етуге шақырды. Ол өзінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін сайлауға қатысты. Панфилов ауданында 105 жастағы Нағиман Шалабаева үйде дауыс беру құқығын алғашқылардың бірі болып пайдаланды. Салиқалы жасына қарамастан, батыр ана ой сергектігі мен бой сергектігін сақтай отырып, ел тарихындағы бірде-бір маңызды саяси оқиғаны қалт жіберген емес.
Нағиман апа — өңірдің шынайы мақтанышы. Ол 13 бала өсіріп-тәрбиеледі, ал бүгінде 36 немере, 103 шөбере және 13 шөпшек сүйіп отыр.
«Өз ғұмырымда небір оқиғаларды бастан өткергендіктен, негізгі мен екінші дәрежелі жайттарды мүдірмей ажыратуды үйрендім. 105 жасқа келгенде сайлауға қатысуды өз жерім мен ұрпағымның алдындағы қасиетті борышым деп санаймын. Ең басты көздің қарашығындай сақтауымыз керек нәрсе бейбітшілік пен келісім. Еліміз гүлдене берсін, ал жастарымыз тұрақты әрі қуатты мемлекетте өмір сүрсін», — деді Нағиман апа.
Сонымен қатар ол Ұлттық құрылтайдың халықтың түп-тамырына — ғасырлар бойы қазақ даласын біріктірген даналыққа сүйенетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, үлкенді сыйлау, қазақ халқының тілін, тарихын, мәдениеті мен салтын құрметтеу туралы айту ерекше маңызды.
Ғасыр жасаған кейуананың нақыл сөзін тыңдап, батасын алған жиналғандар Отан игілігі үшін еңбек ету туралы оның үндеуін зор құрметпен қабыл алды. Нағиман апаның дауыс беруге қатысуы уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын анық көрсеткен күннің ең толқынысты сәтіне айналды.