
Жас ақын Санжар Сұлтанғазының «Апа, сен болмасаң…» атты жыр жинағын назарларыңызға ұсынамыз. Автор Жетісу облысы Алакөл ауданы Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының журналисі. ҚЖО «Жазушылардың Әдеби шеберлік мектебінің» түлегі. Республикалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері.

АҒАТАЙ, АУЫЛ ЖАҚТА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?!
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.
Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?
Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?
Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.
Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
…Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып..
КӨКЕ
Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.
Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.
Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.
Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?
Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.
АПА
Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет қайғы жұтып, жылады.
Тіршілікте тірі күнің – тауып жүрген табысым…
Қарсы алады қай кезде де бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа көзіңді ылғи алартып,
Отырасың үнемі сен оймағыңды жоғалтып.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт та жайып оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің, ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді тойға киіп барса да…
Құйған, Апа, шәйің неге сондай тәтті десем мен,
Ұсынады екенсің ғой бар мейірім-кесеңмен.
Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…
НАН
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
…Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.
Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.
…Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Шешем солай өмірге өкпеледі…
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
…Менің анам нан іздеп кеткен еді,
содан соң оралған жоқ.
АПА, СЕН БОЛМАСАҢ…
Апа, сен болмасаң:
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой…
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…