Талдықорғанда қыш құмыра жасау өнерін насихаттауға арналған шеберлік сабағы өтті. Адамзат тарихымен бірге дамып келе жатқан көне қолөнер бүгінде мәдени мұра ғана емес, табыс әкелетін кәсіп түрі ретінде де өзектілігін сақтап отыр. Қолдан жасалған бұйымдарға сұраныстың артуы бұл бағыттың нарықтағы маңызын күшейтуде.
Осы мүмкіндіктерді жастарға таныстыру және табыс табудың балама жолдарын көрсету мақсатында Жетісу жастары орталығы арнайы шеберлік сабағын ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушыларға жаңа кәсіптік бағыт ұсыну, қолөнер арқылы табыс табу жолдарын түсіндіру және өз ісін бастауға ынталандыру. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен байланыс орнатылып, оларды еңбекке бейімдеу және белсенді ортаға тарту көзделді.
Шара барысында қатысушылар қыш құмыра жасаудың бастапқы дағдыларын меңгеріп, дайын өнімді қалыптастыру кезеңдерімен танысты. Практикалық бөлімде әр қатысушы өз бұйымын жасап көріп, оны нарыққа шығару мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды.
Мұндай бастамалар жастардың жаңа дағды игеруіне ғана емес, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам жасауына жол ашады.