Жетісу облысында алғаш рет өңірдің белсенді, бастамашыл және білімге құштар жастарын бір алаңға тоғыстырған «STUDUNION» көшбасшы студенттер слеті сәтті өтті. Аймақтың жоғары оқу орындары мен колледждерінің үздік студенттері бас қосқан бұл ауқымды шара жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға, студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Слеттің негізгі мақсаты – түрлі оқу орындарында білім алатын талантты жастарға өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау, олардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдау, азаматтық жауапкершілігін арттыру және студенттік бастамалардың дамуына серпін беру болды.
Шара бағдарламасы қатысушылардың ой-өрісін кеңейтуге, креативті ойлауын дамытуға және командалық жұмыс дағдыларын нығайтуға бағытталған түрлі белсенді форматтармен толықты. Интеллектуалдық ойындар, желілік байланыс алаңдары, мәдени-танымдық экскурсиялар – барлығы да жас көшбасшылардың әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, студенттік ұйымдар арасында жаңа серіктестік жобалардың қалыптасуына да жол ашылды.
Слетке 70-ке жуық белсенді жас қатысып, оларды «Jetisu Jastary» КММ директоры Ванкeев Шамиль Дүйсенғазыұлы, Қазақстан студенттерінің Альянсы төрағасы, республикалық студенттік омбудсмен Наукен Ұлан Аманқазыұлы студенттерді бағыттап, тәжірибелерімен бөлісті.
Слет қорытындысында үздік студенттерге арнайы марапаттар табысталып, қатысушылар І.Жансүгіров атындағы музейде танымдық экскурсиядан өтті. Және студенттерге қызықты интеллектуалды ойын ойнатылды.
«STUDUNION» слеті – аймақтың қоғамдық өміріне жаңа серпін берген, студенттік қозғалыстың дамуына тың импульс қосқан бірегей алаң ретінде есте қалды. Бұл шара жас буынның жаңа көзқарасын қалыптастырып, олардың қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпал еткен маңызды қадам болды.
