Мәуелі бәйтеректей жайқалған Жақыбаевтар әулетінен 33 адам бір мезетте Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы № 326 дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.
Бұл әулет жазиралы Жаркентте туып, өсіп-өніп, ұрпағын өрбітіп отыр. Дауыс беру учаскесіне балаларымен бірге келген 85 жастағы Азия Жақыбаева:
– Ұрпағының жарқын болашағын қалайтын әр адам сайлауға зор үмітпен келеді. Біз де әулетімізбен бірге келіп, таңдауымызды жасап тұрмыз. Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей жұмылуымыз керек, – дейді.
9 бала, 36 немере, 69 шөбере сүйіп отырған ана әр адам қабылдаған шешім мемлекетіміздің одан әрі дамуына әсер ететінін айтып, жұртшылықты дауыс беруге шақырды.