Бастөбе ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа спорттық жоба – «Шоудаун» үстел теннис секциясының ашылу салтанаты өтті.
Шараның негізгі мақсаты – инклюзивті спортты дамыту, көру қабілеті нашар және зағип жандарға арналған спорт түрін кеңінен таныстыру, оларға тең мүмкіндік беру.
Шоудаун спорты әлем бойынша 1960 жылдары Канадада бастау алып, 1996 жылдан бастап халықаралық ережеге сай дамуда. Бүгінде бұл спорт түрі Қазақстанда да кеңінен таралып келеді. Жетісу облысында Шоудаун 2022 жылдан бастап дамып, спорттық іс-шаралар қатарынан орын алды.
Мерекелік іс-шара барысында қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, жас әншілер өнер көрсетті. Содан соң жолдастық кездесу ұйымдастырылып, спортшылар өз шеберліктерін сынады. Жарысқа қатысқан спортшылар арнайы төрешілердің қадағалауымен бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды.
Жеңімпаздар медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Бұл бастама – Жетісу өңірінде инклюзивті спортты қолдаудың жарқын көрінісі. Бастөбе ауылында ашылған жаңа секция алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жол ашады деп күтілуде.